Қордың атқару органы

Оңғарбай Жидебайұлы Дәнебеков

Қордың президенті

Оңғарбай Жидебайұлы 1965 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген, 1993 жылы Томск политехникалық университетінің Автоматика және есептеу техникасы факультетін бітірген, 2004 жылы Ақмола технология және бизнес университетінде “экономист” мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған.

Университет бітіргеннен кейінгі еңбек жолын 1993 жылы “Волковгеология” КМК инженер-бағдарламашысы болып бастаған, 1996 жылдан 1998 жылға дейін ОҚО облыстық қазынашылық басқармасы бастығының ақпараттандыру жөніндегі орынбасары қызметін атқарған, мемлекеттік органдардағы жұмыс тәжірибесі төменде келтірілген:

1998-2002 ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті Есептеу саясаты басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары;

2002-2011 ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау (экономикалық даму және сауда) министрлігі Ақпараттандыру және инновациялар саласындағы шығыстарды жоспарлау департаменті директорының орынбасары, Бюджет процессі әдістемесі және функционалдық талдау департаменті директорының орынбасары, Ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры;

2011 – 2012 Қазақстандық софтверлік компаниялары қауымдастығының атқарушы директоры, ҚР Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы РМК директорының орынбасары;

2012-2019 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жоспарлау және бюджет бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік басқармасының бас консультанты;

2019-2020 “Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы” АҚ-ның Басқарушы директоры;
2020-2022 “Қазақстандық IT-компаниялары” қауымдастығының Атқарушы директоры;
2022 – 2024 “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры.

Басқа қызметтері:
2019 жылдан “Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоры” Қоғамдық қорының президенті қызметін қоса атқарып келеді.
2021 жылдан “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасында IT-саласының сарапшысы болып тіркелген.
2022 жылдан “АстанаХаб” халықаралық технологиялық паркінің іріктеу комиссия мүшесі қызметін атқарады.

Марапаттары:
2009 жылы Мемлекеттік наградаға жататын Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, бірнеше мерейтойлық медальдермен, Томск политехникалық университетінің “ТПУ үздік бітірушісіне” медалімен (2022) және “Әлшекей Бектібайұлы” (2022) медалімен марапатталған.

Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (ХАА) академигі.

 

 

 

 

Нұрлан Алданышбайұлы Бекенов

Вице-президент

Мәдениет қайраткері, күйші, дирижер Бекенов Нұрлан Алданышбайұлы – 1977 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қөянкөз ауылында туған. 1994 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыка колледжіне домбыра сыныбына оқуға түседі (оқытушысы Қалдыгүл Рақышова).

1998 жылы ХІХ республикалық жас орындаушылар конкурсында лауреат атанады. Осы жылы колледжді аяқтап, Астана қаласында ашылған Қазақ ұлттық музыка академиясындағы профессор Дүйсен Орынбай сыныбына оқуға түседі. Ал, дирижер сыныбы бойынша профессор Ануар Нүсіпбаевтан дәріс алады. Сонымен қатар, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор Жұматай Тезекбаевтың сыныбында композициямен айналысады.

2002-2004 жылы ҚазҰМА аспирантурасын тәмамдайды.

2005 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Төлеген Момбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері болады.  2008 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Халықаралық «Өз елім» атты фестивалінде, дирижерлау номинациясы бойынша конкурсқа қатысып, лауреат атанады.

2008 жылы «Күй сарын» атты авторлық оқулығы жарық көреді.

Оның «Құлтуманың толғауы», «Жайлауда», «Көңіл сазы», «Қуаныш» Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына арналған «Шаттан елім» және т.б күйлері «Талпыныс», «Қызғышқұс» атты домбыра мен оркестрге арналып жазылған  шығармалары және фортепиано мен домбыраға арналған «Балақай», «Бала уату», «Шабыс», «Қос көңіл» атты жасөспірім домбырашыларға арнайы жазылған шығармалары бар. Көлемді шығармалары «Мұқали», «Хақ-Назар», «Орақты батыр» т.б.

Сонымен қатар, халық композиторларының күйлерін оркестірге түсіріп репертуар қорын көбейге де азын – аулақ үлес қосуда.

Астана қаласының Мәдениет басқармасының мәдени шарасы «1000 күй»мәдени бағдарламасы бойынша ХІХ ғасырдың Жетісу өңірінің күйшілік мектебінің ірі өкілі Қожеке Назарұлының «Сайрамкөл» атты күйін халық аспаптары оркестріне түсірді. 2013 жылдың басында Ыстамбұлға барып Түркия қазақтарының ән-күй өнерін зеттеп, Сармолла және Жармұхаммед күйшілердің еңбегі туралы құнды мағлұматтар жинады. Осыған байланысты Астана ақшамы газетіне «Анадолыдағы ағайын» атты қомақты мақаласы шықты. Сонымен қатар, қазақ күйлерінің логикасы мен философиялық қыры және халық композиторларының күйлерінің шығу тарихы мен оқиғаны бейнелеу образдары турасында мақалалары жарық көрді.

Ол қазақтың ұмыт болған домбыралары «тұмар домбыра», «торсық домбыра», «шіңкілдек домбыра», «торсық домбыра» және қазіргі тартып жүрген «қозы құйрық домбыраны» қосып, «Ақжанбек-арыс» атты домбырашылар ансамбілін құрды. Домбыра аспабындағы «тел бұрау», «шалыс бұрау», «қалыс бұрау» сияқты көне бурауларды жаңғыртып, осы бұрауларда күй тартып, халықтың назарына ілікті.

Қазіргі таңда Қазақ ұлттық Астана қаласының мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрінде дирижері болып қызмет етуде.

Марат Төлегенұлы Жанғазы

Атқарушы директор

Жанғазы Марат Төлегенұлы 1965 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, жеке кәсіпкер, күйші, композитор, 1983 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебін және 1992 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясын бітірген.
Еңбек жолы: 1989 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында музыка колледжіне бөлім басқарушысы, 1995-1996 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1996-1998 жылдары Ақтөбе облыстық Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінде дәріс берген.
Жетістіктері: 1983 жылғы Республикалық күйшілер байқауының лауреаты. 2018 жылғы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ән тербеткен Ақтөбем» Республикалық композиторлар конкурсының Бас жүлде және арнайы медальдің иегері.
Шәкіртері: Өмірқұл Айниязов – Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, әнші-термеші;
Бағлан Бәбіжан – Қазақстан Республикасы мәдениет саласы үздігі, әнші-термеші, композитор;
Жадыра Арыстанова – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, әнші, 2008 жылғы «Астана жұлдызы» Халықаралық ән байқауының лауреаты.
Шығармашылығы:
Әндері: Ертай Ашықбаевтің сөзіне жазылған «Жан ана», «Махаббат жыры»;
Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Мектебім», «Арайлы Астанам», «Сағынышым әнім», «Құтты мекен – Ақтөбе»;
Бағдаулет Арыстанның сөзіне жазылған «Ризамын тағдырыма»;
Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған «Жаннатым Жаңақорған»;
Адырбек Сопыбековтің сөзіне жазылған «Жер жұмағы – Жаңақорған».
Күйлері: Толғау», «Жиделі Байсын сарыны», «Каспий ақ маржаны», «Әлшекейге арнау».
Композициялары: «Ғашығым», «Тұран».
Оның ән, күй, композициялары Қазақ радиосының Алтын қорына енген.