Күй – тәңірдің күмбірі

Күй – тәңірдің күмбірі
17/01/2022
Күй – тәңірдің күмбірі

Халық күйшісі Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Күй – тәңірдің күмбірі» тақырыбында лекция

ХХ ғасырдың бірінші жартыжылдығында халқымыздың басынан кешкен нәубеттері аз емес. Әсіресе, қайраткерлер, өнер иелері қуғынға ұшырады. Қатал сталиндік жүйе ешқандай жазығы жоқ қазақтың арыстарын «халық жауы» деп соттап, атып жіберген болса, енді біреулерін ондаған жылға түрмеге жапты. Осындай қуғын-сүргіннің тозағынан құтылу үшін елден жыраққа көшіп кеткендер де аз емес. Оларда тозаққа айналғандай өмір азабын көп кешкені тарихтан мәлім. Сондай қуғын-сүргін көрген жанның бірі кезінде «Сыр сүлейі» атанған күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлы екені анық. Өмір жолына көз жүгіртсек, Әлшекей күйші 1847 жылы бүгінгі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ел ішінде домбырашы бала атанып, өсе келе Сыр өңіріне есімі әйгілі күйші болады. Күйші Қоңырат тайпасы Құрбан атадан тарайтын, Киікші руынан шыққан. Әлшекей күйшілік өнерді нағашы атасы Рүстемнен үйренген.
Оның тағдыры өте күрделі. Күйшінің кемеліне келген шағында Қазан төңкерісі болады. Байдың ұрпағы деген желеумен отбасы, туыстары қудалауға ұшырайды. Осы қуғын-сүргіннің лаңы өмір бойы қыр соңынан қалмайды.
Ұрпақтары мен зерттеушілердің айтуынша туған жерімен қоштасқан Әлшекейге ата-жұртын қайтып көруді тағдыр жазбаған екен. Ел ішінде тыныштық бермеген соң, алғашқыда Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд жағына көшіп барып, кіре тартып күнелтеді. Бірақ «бай-құлақтың тұқымы» деген қауесет бұл жерде де түрткілеп, соңынан қалмайды. Содан ізін суыту үшін тағы да жылыстай көшіп, Ауғанстанға асып кетуді ниет етеді. Жолай Бадының желіне ұрынып, Жұмабек пен Әлеухан деген балалары қайтыс болады. Мұнан әрі Тәжікстанның Шәрбәт ауданына қарасты Яуан (Жауан) қыстағына келіп тұрақтайды. Бұл жерге жеткенде жол азабына шыдамай Әлеухан мен Мұсадан туған екі немересі қатар шетінейді. Бұл кезде оның жасы сексеннен асып, үйде отырып қалған шағы екен. Әлшекей үйде отырып Данабек (Дәнебек) бастаған немерелеріне қоңыр домбырасымен күй үйретеді. Соны көңілге медет етеді. Күндердің күнінде ұрпағы елге оралар күн туса, өмір жолының шежіресіндей көкірегін жарып шыққан күйлері туған жердің төсінде шалқи естілер деп үміттенеді. Сол үмітті серік еткен Әлшекей көкірегіне шер байланып, көңіліне сағыныш ұялаған қалпында 1932 жылы фәни жалғанмен қош айтысады. Күйшінің сүйегі Яуан қыстағының шетіндегі қорымға, қос немересінің жанына жерленеді. Ал күйшінің ұрпақтары 60 жылдардың соңында ғана ата-жұртына оралады. Содан кейін барып Әлшекей туралы, оның күйлері жайлы ел ішінде жиі айтыла бастайды.
Әлшекей Бектібайұлы 50-ден астам күй шығарған. Оларды И.Өткелбаев, Ж.Нұрмақов және өзінің баласы Дәнебек сияқты күйшілер кейінгі ұрпаққа жеткізген. Әлшекейдің «Тоқырау», «Нарсоққан», «Егес», «Терісқақпай», «Толқын», «Аққу кеткен», «Тепең көк», «Қара жорға», «Адасқан қаз», «Айшамен алты тартыс», «Бөпемен тартыс», «Егілген», «Бәйге», «Тай қуу», «Шерлі», «Айрауықтың ащысы-ай», «Бұқтым-бұқтым», «Сауда бұзар», «Ол кім?», «Жаяу кербез», «Қыз тоқтаған», «Желдірме», «Ақжелең», «Сыбызғының күйі» және «Отарба» т.б. ел арасында сақталған күйлері бар. Халық ақыны Манап Көкенұлы осы аталған күйлердің шығу тарихын айтып, таспаға жаздырған. Әлшекейдің күйлері қазіргі домбырашылардың репертуарына енген, оркестрге түсірілген.
Қорыта айтқанда, оркестрлердің репертуары енді Әлшекей бабамыздың туындыларымен толыға түсетіні сөзсіз. Ендігі жерде туған елінде қанат жайып, екінші тынысы ашылған Әлшекей күйлерінің халыққа кеңінен тарала беретініне кәміл сенеміз.

Материал әлеуметтік желіден алынды