Қазақстанда ірі ұлттық компаниялардың басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық істерін тергеу жалғасып жатыр. "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің бұрынғы үш басшысы ұсталғаны белгілі болды. Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Үшеуі де қамауда отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz ҰҚК-ге сілтеме жасап.
Мекеме редакцияның ресми сауалына берген жауабында биылғы 9-10 қарашада "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің бұрынғы бас директоры В.В. Петров, оның орынбасары Қ.М. Қабылов және аталған серіктестіктің атқарушы директоры – сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры А.К. Сембай ұсталғанын хабарлады.
"Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген. 11 және 12 қарашада олар сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, деді ҰҚК өкілдері.
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Владимир Петров ҚТЖ жүйесінде 30 жылдан аса еңбек еткен. Ол Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын "Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару" мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары басшылық лауазымдарда, соның ішінде "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС бас инженері және бас директоры қызметтерін атқарған. 2025 жылғы желтоқсанда ҚТЖ басқарушы директоры - "Тасымалдау процесі дирекциясы" филиалының директоры міндетін атқарушы болып тағайындалған.
Қайрат Қабылов "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС бас директорының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, компанияның басқарма құрамына кірген.
Толық нұсқасы: Tengrinews (қаз) ↗

