Айсын Жексен Қуанұлы – 1975 жылы 7 қаңтар күні Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талап ауылында туған. 1990 жылы аталған ауылдағы Жүсіп Қыдыров атындағы №54 орта мектепті үздік бітіріп, Қызылорда музыка училищесіне (домбыра-прима аспабы бойынша) оқуға түсті, отбасы жағдайына байланысты Шымкент музыка училищесіне ауысып, 1994 бітірді. Осы 1994 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына (домбыра-бас аспабы бойынша) оқуға түсті.
995 жылдың 5 қазанынан бастап Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жоғарыда аталған мамандық бойынша жұмысқа қабылданады. 2000-2014 жылдары домбыра-бас тобының концертмейстері қызметін атқарды. 2002 жылдан бастап оркестр кітапханашысы жұмысын қоса алып келеді.
2004 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасында мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қорының МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ құрмет белгісімен марапатталған.
2010 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясына (дирижер мамандығы бойынша) Ж. Бегендіков класына түсіп, 2013 жылы бітірген. 2011 жылы мамыр айының 13-14 күндері Талдықорған қаласында өткен Мұқан Төлебаев атындағы І Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер конкурсына қатысып, белсене атсалысқаны үшін ДИПЛОММЕН марапатталған.
2012 жылы 2-5 мамыр күндері Алматы қаласында өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы ІІ Республикалық дирижерлер конкурсының ДИПЛОМАНТЫ. 2015 жылдан бастап оркестр дирижері болып жұмыс істейді, осы 2015 жылы мамыр айының 18-19 күндері Талдықорған қаласында өткен Мұқан Төлебаев атындағы ІІІ Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер конкурсының ЛАУРЕАТЫ.
2016 жылы 1 наурыз күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап, «Тәуелсіздікке тарту» атты жеке концертін берді. Концертте танымал шетел және қазақстан композиторларың шығармалары Айсын Жексеннің өңдеуінде алғаш рет орындалды. Осы жылдың 3-4 қараша күндері Атырау қаласында өткен Рысбай Ғабдиев атындағы І Республикалык дирижерлер конкурсының ЛАУРЕАТЫ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 29 қарашасындағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды. 2018 жылы 13 желтоқсан күні тәуелсіздік күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының Қазақ оркестрімен «Тәуелсіздік тұғырым» атты жеке концертін берді.
2019 жылдың 3 қыркүйегінен бастап оркестр артисі қызметінен босатылып, оркестр дирижері лауазымына ауыстырылды. 2020 жылы 28 ақпан күні Қазақстанның халық артисі ұлы дирижер Төлепберген Әбдірашевке арнап «Құдаша-Думан» атты жеке концертін берді. Концерт бағдарламасында Төлепберген Әбдірашевтің сүйікті шығармалары орындалды. Осы жылдың 6 қарашасында «Дала аңызы» атты жеке онлайн концертін берді. Осы уақытқа дейін 100-ден аса шығармалар: атап айтқанда танымал күрделі классикалық шығармаларды, күйлерді, әндерді оркестрге өңдеп, оркестр репертуарын байытуға зор үлес қосып келеді.