Р. Рүстемов. Мақаладан кейінгі мәселе

Р. Рүстемов. Мақаладан кейінгі мәселе
17/01/2022
Р. Рүстемов. Мақаладан кейінгі мәселе
Әлеуметтік желі бетінде белгілі журналист, Ақпарат саласының үздігі Қаныбек Әбдуовтың «Әлшекей күйші туралы диплом қалай қорғалған?» атты жазбасы жарияланды. Қанекеңнің дәулескер күйші туралы біршама уақыттан бері ізденіп жүргенін білетінмін, шынында, қазақ өнеріне қатысты құнды дүние шығыпты.
Сөз зергері Асқар Сүлейменовтың «Өмір – тән, өнер – жан; тән тұншыққанда – жан шыңғырады» дегеніндей, өнер мен ұлы күйші тағдыры жайлы жазба мені терең ойға жетеледі.
«Қазақтың күй өнері» кітабына 30 жылдай еңбектеніп, көлемі 60 баспа табақ ауқымды еңбек жазып, одан докторлық диссертациясын қорғаған Ақселеу Сейдімбек екі мыңдай күй аңызын жинақтап, 150-ге тарта күйші-композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы дерек жинады, осы кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
Сол құнды еңбегінде «Қазақтың күй өнері» халқымыздың өшпес руханиятының əрі дара, əрі сара біртұтастығын бітімдеді десек артық айтқандық емес. Мұнда этностың əлемдік аумақта ірге тебуінен бастап, ұлттық тектің тұрмыс-салт, иба-ишарат, наным-сеніміне дейін; күй мен саздың, əуен мен ырғақтың алғаш дүниеге келуінен бастап, əлеуметтің алуан түрлі сыры мен сынына, тағдыры мен тарихына, ерлігі мен ездігіне, қуанышы мен мұңына, сүйініші мен сергелдеңіне, ең шырқау биігі – арыны мен асқақтығына, ірілігі мен ізгілігіне, ақық армандары мен асыл үміттеріне арқау болған барша болмыстың мың-сан шежіре — хикаясы бар» делінген. Бұл жерде күйшілік дәстүрдің көрнекті өкілі Әлшекейдің Сыр сүлейлерінің бірі болғанын, оның шығармашылығы мен шеберлігі жөнінен аңызға бергісіз ақиқат өлшемдері ел жадында сақталып келді.
Жалпы, Жаңақорған жерінде дүниеге келіп, биыл 175 жасқа толатын Әлшекей Бектібайұлының қуғын-сүргін салдарынан Тәжікстан топырағында тұрып, сонда сүйегі қалған дерегі әрбір жерлесіне, өнерсүйер қауымға ой салар оқиға деп білемін. Бұл жөнінде мәдениет пен өнерге қатысты тиісті тұлғалармен де ақылдастық жасадым, күйшінің сүйегін туған жерге әкелуді маңызды мәселе деп есептеймін. Бұл жөнінде жаңақорғандық жерлестеріміз қолдайды деп сенемін. Әрине, ресми органдармен байланысып, олармен ортақ мәміле табамыз деп те ойлаймын. Ең бастысы, күйшінің киесін, күй құдіретін тірілту бізге, ұрпақ алдында үлкен парыз. Өйткені өнердің өнегесін өшіруге болмайды.
Материал Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемовтың Facebook-тегі парақшасынан алынды