Қаныбек Әбдуовтың Facebook-тегі парақшасынан алынды
Бүгін, Жаңақорған ауданында аудан әкімінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Әлшекей әлемі» атты аймақтық өнер фестивалі Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде шымылдығын ашты. Өнерге сусыған өнерсүйер қауым күй құдіретіне тәнті болды.
Алдымен тамаша шараның түңлігін Әсем Мәжит «Әлшекейге арнауымен» түрді. Ал, шараның ашылуын аудан әкімі Руслан Рүстемов құттықтау сөзімен бастады.
–Күй өнері адамның ішкі лирикасы, мұң мен зары, арман-тілегін музыкаға бейімдеу формасы. Жалпы, күй – қазақ даласының симфониясы. Күй атасы Қорқыттан басталған Сыр сүлейлерінің белгілі өкілі Әлшекей Бектібайұлының Қаратау сазын қос ішекке қондырып, оны шертпе мен төкпе күйге қосып, 100-ге тарта туындының тұсауын кескен дәулескер күйші, – деп дәріптеді ол.
Өнер фестиваліне Түркістан, Павлодар облысы, Қызылорда қаласы, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан «Әлшекей» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі, «Ақмешіт», «Нартай сазы» халықтық фольклорлық, «Айсыновтар» отбасылық ансамбльдері, жеке күйшілер қатысты. Тіпті 82 жастағы Тынысбек Дүйсебеков ақсақал «Тайшұбардың шабысы» күйімен сахнаға көтеріліп, өнер көрсетті.
Дирижер Құлахмет Нәлтаев басқаруында «Әлшекей» атындағы оркестр «Терісқақпай» күйін орындап, көрермен көңілін әуелетті.
Шара барысында дәстүрлі өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше азамат «Әлшекей Бектібайұлы» медалімен марапатталды. Ал, фестиваль қатысушыларына бағалы сыйлық табысталды.
Жалпы, Әлшекейдің мол мұрасын өшірмей, елге насихаттап жүрген «Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоры” фестивальге демеушілік жасады. Қор жетекшісі, күйші ұрпағы Оңғарбай Дәнебековтың ұлт өнерін ұлықтауда еңбегі ерекше.