Түлкібаева Гүлзира Әбділдақызы
Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері
Г. Түлкібаева 1965 жылы Кентау қаласында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі мектепте физика пәні мұғалімі, анасы байланыс орталығында оператор болып қызмет атқарған.
Білімі:1986 жылы Қызылорда қаласындағы Музыка училищесін және 1991 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын бітірген.
Еңбек жолы: 1989 жылдан Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің әртісі қызметіне кірісіп, 1991 жылдан осы оркестрде шертер тобының әртісі болып кызметін жалғастыруда. Қазіргі кезде шертер тобында концертмейстрдің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Г. Түлкібаева ұстаздық қызметін де қатар атқарып, жас өнерпаздарға тәлім-тәрбиелік жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді.
Өнер жолы: Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрамымда Қазақстанның барлық қалаларында, сондай-ақ Ресейдің бірқатар қалаларында, Татарстан, Башқортстан, Украина, Қырғызстан, Қытай, Түркия, Болгария, Өзбекстан, Германия, Австрия, Америка Құрама Штаттары, Испанияда гастрольдік сапарларда болған.
Марапаттары: 1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 65 жылдық мерей тойы қарсаңында көп жылғы өнерді өрлетудегі қосқан еңбегі үшін, мәдениет пен өнерді қолданудың мемлекеттік қорынан «ҚР Мәдениет қайраткері» төс белгісімен, 2020 жылғы 3-желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен және бірнеше рет оркестр ұжымының алғыс хаттарымен марапатталған.