Адамға не қалады? Тоқаев пен Путин жасанды интеллект туралы сөйлесті

27.11.2026 · Технологиялар · Дереккөз: Tengrinews (қаз)

Tengrinews.kz хабарлайды.

2026 жылы дүниеге келген бала шамамен 2032 жылы мектеп табалдырығын аттайды. Оны мектепке анасы мен әкесі емес, басқа біреу тіркеуі әбден мүмкін. Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин бұған тек қуанар еді.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов сол бала кіммен дос болатынына алаңдаулы. Tengrinews.kz тілшісі осы және өзге де мәселелер туралы Мәскеуде сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей астанасына халықаралық AI Journey конференциясына қатысу үшін барған еді.

Осыдан бір күн бұрын Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге 2020 жылғы әңгімелерін еске салды. Сол кезде Ресей президенті үш-төрт жылдан кейін жасанды интеллект пен цифрландырудың маңызы алдыңғы орынға шығатынын болжаған еді. Өздеріңіз білетіндей, сол болжам орындалды.

Ал Tengrinews.kz тілшісіне тағы алты жылдан кейін нені еске алатынымыз қызық болды.

Шенеуніктерсіз өткен жиын

Қазақстан делегациясының Мәскеудегі бағдарламасы ауқымды болды. Ростислав Коняшкин Қазақстан қандай тәжірибені бөлісе алатынын тізіп берді. Олардың қатарында электрон үкімет, жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау, Astana Hub, көлік, логистика және қаржы секторын цифрландыру бар.

- Әрине, бізде бөлісетін дүние көп. Жиырма жылдан аса уақыт бойы жинақтаған тәжірибеміз бар және Ресей Федерациясындағы әріптестеріміз елімізде қандай жаңашылдықтар енгізіп жатқанымызды білуге әрқашан ниетті, - деді бірінші вице-министр.

Ростислав Коняшкин. Сурет: © Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Коняшкиннің бір тұжырымы ерекше назарымды аударды. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда тек мемлекеттік қызметтер емес, мемлекеттік аппараттың өзі цифрландырылып жатыр. Ол біздің жасанды интеллект туралы түсінігіміз әзірге чат боттармен шектелетінін жеткізді. Олармен хат жазысамыз, ақылдасамыз, кейде тіпті салғыласып та қаламыз.

Келесі кезең - нақты тапсырмаларды орындай алатын ЖИ агенттер.

Коняшкин осындай бірнеше агентті елестетуді ұсынды. Біреуі заңнаманы жетік біледі, екіншісі - цифрлық жүйелерді енгізу жөніндегі сарапшы. Олар өзара жұмыс мәселелерін талқылап, құжаттар дайындап, тіпті мемлекеттік қызметшілер үшін кездесу кестесін құра алады.

Яғни алты жылдан кейін қазақстандық шенеуніктердің жиыны алдында тағы бір жиын өтуі мүмкін. Бірақ ол жерде қазақстандық шенеуніктер болмайды.

Дегенмен, Коняшкиннің сөзінше, әзірге заңнама бойынша шешім қабылдау құқығы адамның еншісінде қалады. Жасанды интеллект тек ұсыныс бере алады.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, адамдарды медициналық тексеріске жазуды, мектепке құжат өткізуді немесе адамның өзі ұмытып кеткен жайттарды есіне салуды жасанды интеллектіге сеніп тапсыруға әбден болады.

- Ал қаржыны сеніп тапсырар ма едіңіз?

- Қаржы мәселесін әзірге сеніп тапсыра қоймаспын. Бірақ алты-жеті жылдан кейін не болатынын кім білсін?!

Ақшаға келгенде мәселе біршама күрделірек болып шықты. Дегенмен Қазақстанның Ұлттық банкі белгілі бір шеңберде қаржыны жасанды интеллект басқара алатын жағдайға қазірден дайындалып жатыр.

Ішкі тетіктер

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов журналистерге қазақстандық банктердің 75 пайызы жасанды интеллектіні қолданатынын айтты. Ол несие өтініштерін өңдеуде және алаяқтықпен күресте қолданылады.

Оның сөзінше, болашақта жасанды интеллект халықтың ақшасын да басқара алады. Әрине, өздерінің келісімімен ғана.

- Сіз қазір өз қаржыңызды ЖИ агенттер арқылы басқарып отырған боларсыз?

- Әзірге мұндай мүмкіндік жоқ. Реттеу шаралары бойынша әлі бұған рұқсат бермейміз.

Бинұр Жәленов. Сурет: © Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Жәленовтің айтуынша, 2027 жылы пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған. Адам саналы түрде келісім беріп, соманы анықтап, жасанды интеллект оның ақшасын жұмсай алатын шекті белгілеуі қажет болады.

Ал 2032 жылы бұл жағдай қалай көрініс табады?

Жәленовтің болжамынша, смартфондардағы үйреншікті қосымшаларды әлдеқайда сирек пайдаланамыз. Мысалы, Алматыға ұшқыңыз келетінін айтудың өзі жеткілікті болады.

- Оның ішкі тетігінде көптеген ЖИ агент жұмыс істейді. Бірі билет қай жерде арзан екенін салыстырады, екіншісі қай картамен сатып алған тиімді және қайда кэшбэк жоғары екенін тексереді, үшіншісі орын бар-жоғын анықтайды.

Толық нұсқасы: Tengrinews (қаз) ↗