ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірінші басшылары, комплаенс-қызметтер мен ішкі аудит қызметтерінің қызметкерлері, сондай-ақ Министрлік өкілдері қатысты.
Кеңес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі идеологиялық және құқықтық бағдары ретінде айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өтті.
Қатысушылар ведомстволық бағынысты ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу шараларын күшейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ішкі бақылау және комплаенс-қызметтердің тиімділігін арттыру үшін қабылдануы қажет шаралар қаралды.
Кеңесті Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің аппарат басшысы Арман Жұмабеков ашты. Ол бұл қағидат ведомстволық бағынысты ұйымдардың әрбір қызметкері үшін атқаратын лауазымы мен бұрынғы еңбегіне қарамастан мүлтіксіз сақталуы тиіс екенін атап өтті.
«Цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ең тиімді құралдарының бірі. Процестер ашық әрі автоматтандырылған жерде заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Алайда технологиялар әрбір қызметкердің жеке адалдығын алмастыра алмайды», – деді Арман Жұмабеков.
Кадр жұмысы, сатып алу, қаржы және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ерекше назар аударылды.
Баяндамалармен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ғани Абадан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Комплаенс-бақылау қызметінің басшысы Ади Әлімбаев және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Комплаенс-бақылау қызметінің басшысы Толқын Әленова сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Динара Амуртаева мүдделер қақтығысын реттеу және қызметтік міндеттерді орындау кезінде бейтараптықты сақтау жолдары туралы айтып берді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкері Жанболат Муглиев Комплаенс-қызметтердің қызметі туралы үлгілік ережеге енгізілген жаңа нормаларды түсіндірді. Ол жаңартылған талаптарға сәйкес комплаенс-қызметтердің міндеттері мен өкілеттіктері қалай бөлінетінін және олардың жұмысын қалай ұйымдастыру қажеттігін баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысын күшейтуге бағытталған тапсырмалар берілді.
Кеңес соңында Арман Жұмабеков сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйелі әрі дәйекті жұмысты талап ететінін, ал әрбір басшының жеке үлгісі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік және ашықтық Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің негізгі ұстанымдары болып қала беруге тиіс.

