Алматыда Любовь Шашкованың шығармашылығының 50 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

27.11.2026 · Мәдениет · Дереккөз: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Алматыда Любовь Шашкованың шығармашылығының 50 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Любовь Шашкованың шығармашылық қызметінің 50 жылдығына орай «Два тёплых крыла» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Беларусь және Ресейдің әдебиет пен өнер саласының өкілдері, ғалымдар, аудармашылар, қоғам қайраткерлері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен студенттер қатысты.

Жиында жазушының шығармашылық жолы, әдеби мұрасы, Қазақстан мен Беларусь арасындағы әдеби байланыс және екі елдің мәдени жақындасуындағы көркем аударманың рөлі талқыланды.

«Золотой луг» кітабы мен «Камни» поэмасының аудармалары және екі ел әдебиетін кеңінен танытудағы «Қазақстан – Беларусь» әдеби альманағының маңызы айрықша аталып өтті.

Дөңгелек үстел әдебиет саласының мамандарына пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: Мәдениет және ақпарат министрлігі ↗