Алматыда суретші Мұхит Калимовтың жеке көрмесі ашылды

27.11.2026 · Мәдениет · Дереккөз: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Алматыда суретші Мұхит Калимовтың жеке көрмесі ашылды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды.

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Мұхит Калимовтың шығармашылығына арналған «Сырға толы жылдар…» көрмесі ашылды.

Көрмеге Қазақстанның тарихын, ұлттық дәстүрін, әр дәуірдегі адамдардың тұрмысы мен тағдырын бейнелейтін туындылар қойылды.

Суретшінің шығармашылығында тарих тақырыбы айрықша орын алады. Өнер иесінің ел тарихындағы көрнекті тұлғаларға арналған белгілі туындыларының қатарында «Исатай – Махамбет», «Сырым Датов», «Құрманғазы», «Дина» және «Абылай хан» картиналары бар.

Көрмеде Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің қорында сақталған «Теміржолшы», «Әкемнің жастық шағы», «Ленинградтық өрендерім менің» және «Композитор Ахмет Жұбановтың портреті» картиналары да ұсынылды.

Мұхит Калимов отандық кескіндеменің дамуына және жас суретшілерді даярлауға елеулі үлес қосты. Ол 1985 жылдан бастап Алматы театр-көркемсурет институтында сабақ берді. Кейін кескіндеме кафедрасын басқарып, кәсіби көркемсурет білімін дамытуға атсалысты.

Суретшінің туындылары республикалық және халықаралық көрмелерде, соның ішінде Швейцария, Аустрия және Венгрияда көпшілікке ұсынылды. Оның бірқатар жұмысы Қазақстан музейлерінің қорында сақтаулы.

«Сырға толы жылдар…» көрмесі Мұхит Калимовтың шығармашылық мұрасын сақтауға және дәріптеуге бағытталған. Көрме суретшінің Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесін көпшілікке кеңінен таныстырады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: Мәдениет және ақпарат министрлігі ↗